рус қаз
Меню
Жаңалықтар

01.06.2019
АРМАНДАР ОРЫНДАЛҒАН КҮН

Бұл күн барлық бүлдіршіндер үшін ерекше толқумен басталады. Таңертең ұйқыдан көздерін аша салып, мереке күтетін бала жүрегі дәмі тіл үйіретін балмұздақ пен шоколадқа тоятынын ойлап, күндізгі мейрамды асыға күтеді.

Ағалы-інілі Жанарыс пен Бекарыс Дәрібайлар үшін де бұл күн ерекше. Аналарымен қол ұстасып орталық саябақтағы мерекелік бағдарламаны тамашалауға келген. Көңіл-күйлері де қуанышқа толы. Саябаққа кірген бетте қарсы алған түрлі ертегі кейіпкерлеріне қарап аң-таң. Американдық ковбойлар сияқты киінген қасқыр да, қулығы асып, сары түсі күнмен шағылысқан түлкі де, ұзын құлақ сұр қоян да, түрлі мультфильм кейіпкерлері де – барлығы осы жерде бас қосыпты.

Ата-аналары жетектеген балалардың бірінің қолында түрлі-түсті шарлар болса, енді бірі сабын көпіршіктерін жіберіп шат-шадыман болуда. Мерекелік бағдарлама ауданымыздың атын облыстық, республикалық деңгейде шығарып жүрген өнерпаз, спортшы, оқуда үздік мектеп оқушыларынан құралған «Шабыт шеруімен» басталды. Мойындарына медальдарын тағып, жарқыраған күнге шағылысқан аға-апаларына қарап қос бауыр үлкен әсер алды. «Мен де осындай көп медаль алсам» деп іштей армандап қояды.

Дәстүрге енген салтанатты шеру бірнеше жылдан бері кентіміздің мектептерінде білім алып жүрген өнерпаз жастардың басын қосып, кішкентай бүлдіршіндерге аға-апаларының жетістігімен танысуға мүмкіндік беруде. Кішкентай балапандардың үлкен мейрамымен аудан әкімі Шагурашид Мамалинов арнайы құттықтады.

- Жаздың бірінші күніне дөп келетін, балаларды қорғау күні – ерекше мейрамдардың бірі. Бұл күннің басты мақсаты - бүкіл әлемнің кішкентай тұрғындарының мүдделері мен құқықтарын қорғау, жас ұрпақтың рухани бай және дені сау болып өсуіне жәрдемдесу, сондай-ақ олардың өмірін жарқын әрі қызықты ету, - деген аудан басшысы барша балаларға мерекені көңілді де қызықты өткізуге тілек білдірді.

Кішкентай көрермендерге арналған іс-шараны №1 қазақ тірек мектебінің оқушысы Айзия Болат пен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушысы Вадим Зинченко жүргізіп, «Руханият» өнер орталығының оқушылары әсерлі ән, әдемі бимен көмкерді. Қазіргі кезде сәнге айналған бұқаралық флэш-моб биін бүлдіршіндер қосыла билесе, «Балауса» шағын орталығының биылғы түлектері «Тучка» биін билеп, өздерінің әдемі сахналық костюмдерімен, томпиған түрлерімен-ақ көпшілікті тамсандырды. «Иллигай» әнін орындаған “Руханият” қосымша білім беру орталығының оқушылары Рахымбай Нұрасыл мен Диас Жүнісов те табысты өнер көрсетіп, көптің алғысын алды.

Орталық сахнада өнерпаздар түрлі өнерлерін көрсетіп жатса, сырт жақта мерекелік сауда, тамақтану нүктелерінің жұмысы қызды. Үйдегіден гөрі сырттағыны таңсық көретін балалар ата-аналарына еркелеп, қалаған сыйлықтарына ие болып жатты.

Виктория Тимурова мерекеге келген кішкентай қонақтардың бірі. Қолына ұстаған аю пішініндегі шарын көрсетіп:

- Өмір бойы осындай шарды армандаған едім, - деп қуанышымен бөлісуде. Өзі бес жастағы ғана баланың «өмір бойы армандаған» арманы орындалған сәтте қалай қуанбасқа.

Ал, Әмір Төлеген есімді бала осыған дейін ұзақ уақыт ауырған соң, балмұздақ жемеген екен. Мереке құрметіне анасы рұқсат еткен балмұздағына қол жеткен Әмірдің де қуанышында шек жоқ. «Балмұздақтың дәмін ұмытып қала жаздаппын» деп, мәз болады.

Арнайы әзірленген фотозонада кезекке тұрған балалар суретке түсіп, осы күннен естелік белгі суреттерін алып мәз. Орталық алаңдағы мерекелік бағдарламаны Шешенқара ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлерінің қуыршақтар үйірмесі жалғастырып, «Бауырсақ» ертегісінің желісі бойынша кішкентай қонақтардың көңілін көтерді. Түрлі ойындар ойнап, қызықты жұмбақтардың шешімін тауып, әндерді қосыла шырқаған бүлдіршіндер бойларын жазды.

Ұзақты күнге созылған балалар мерекесінің соңында тегін балмұздақ таратылып, бүлдіршіндердің қуанышы еселене түсті.

Бала -  жан жүрегіміз деп өмір сүрген еліміз үшін балапандарымыздың алаңсыз күлкісі мен армандары орындалғанын көруден асқан бақыт жоқ шығар. Армандарың орындала берсін, бүлдіршіндер.

 

 

Н.Әбікеева

Д.Торжановтың суреттерінде: мерекелік шеру; саябақтағы шаттық.


Вернуться назад



© 2019 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
© 2019 Әзірлеген және қолдаған - Интернет-компания «Creatida»