рус қаз
Меню
Жаңалықтар

05.06.2019
ЕЛІМНІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ - ТУ, ЕЛТАҢБА, ӘНҰРАН

Кез-келген мемлекеттің дербестігінің айғағы – оның мемлекеттік рәміздері. Әлем елдерінің шоғырында Қазақстан Республикасының ел ретіндегі нышандарын айғақтайтын Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар.

4-маусым еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық рәміздерді ұлықтау күні ретінде ресми түрде бекітілген. Осынау атаулы датаға орай, Ботақара кентінде де мерекелік шара ұйымдастырылып, кент көшелерінде рәміздерімізді ұлықтаған автокөлік шеруі өтті.

Аудандық мәдениет үйінде басталған ресми шараға аудан әкімі Шагурашид Мамалинов, аудандық мәслихат хатшысы Асхат Әли қатысты.

- Мемлекеттік рәміздер – ел тұтастығының айғағы. Шынайы патриотизм ел рәміздерін ұлықтаудан басталады. Олар біртұтастықты және тәуелсіздікті бейнелейді, Қазақстанның көпұлтты халқын біріктіреді, ұлттық мақтанышпен ұлы жетістіктердің көзі болып табылады, - деп, жиналған көпшілікті құттықтаған аудан басшысы әрбір отбасыға амандық, елімізге тыныштық тіледі.

«Гүлдер» би ансамблінің қазақ биімен ашылған мерекеде ту ұстаған «Алтын адам» ортаға шығып, елдігімізді асқақтатқан көрініспен қуантса, Азамат Амантайұлы, Қазбек Талашев және Зәуре Төлеубаева шырқаған «Көк тудың желбірегені» әуені рухымызды көтеріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты түрде залға енгізілген көк туымыз бен шарықтаған әнұранның әуенінен кейін ауданымыздың түкпір-түкпірінде қызметке кіріскен мемлекеттік қызметшілер Дана Өмірзақова, Абзал Құнанбаев, Айжан Мұратхан, Нұрхан Жөкенов, Айдана Кокина, Марина Каппасова, Мадина Алдабекова салтанатты түрде ант қабылдап, аудан әкімінің қолынан қызметтік куәлік алды.

Рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құндылықтардың бірі. Күн сайын мемлекеттік нысандарда желбіреп тұрған көк туымыз, ғимараттардың төрінен орын алған елтаңбамыз бен ресми шараларда қолымызды жүрегімізге қойып, қосыла шырқайтын әнұранымыз ұлттық рухымызды асқақтатып, еліміз бен жеріміз үшін мақтаныш сезімін сыйлайтын ғаламаттар.

Ұлтжандылықты ояту – рәміздерді ұлықтауға үйретуден, кең-байтақ Отанымызды қастерлеуден басталады. Мерекелік кездесуде «Арман» тобының орындауындағы «Байтақ елім», Роза Майролдың «Домбыра туралы баллада» әндері сол құндылықтарымыздың мерейін асыра түсті. Мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған қорытынды әнге тік тұрып құрмет көрсеткен көпшілік туымызды желбіреткен автокөлік шеруін шығарып салды.

Бұқар жырау көшесімен республикалық трасса бойында жүріп өткен ақ шаңқан көліктер кент тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, өсіп келе жатқан жас буынға елдіктің шынайы үлгісін көрсетті.

 

Н.Әбікеева

Д.Торжановтың суреттерінде: Ш.Мамалинов мемлекеттік қызметшілермен; мерекелік автокөлік шеруі; әнұран қалықтағанда.


Вернуться назад



© 2019 Информационный портал аппарата акима Бухар-Жырауского района
© 2019 Әзірлеген және қолдаған - Интернет-компания «Creatida»